«Жұмсақ күш» және түркі елдерінің ынтымақтастығы тақырыбындағы ғылыми семинар
20 қыркүйекте Астанада Түркі Академиясының қолдауымен «Түркі халықтарының біртұтастығы: рәміздер, құндылықтар, идеялар» атты халықаралық ғылыми семинар өтті.
Іс-шарада түркі әлемінің ортақ мәдени нышандары мен құндылықтарына қатысты мәселелерді, сондай-ақ түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың ықтимал жолдарын талқылау мақсатында Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанның жетекші сарапшылары басқосты.
Түркі Академиясының іс-шаралар топтамасына енетін аталған семинардың мақсаты түркі елдерінің «жұмсақ күші» - мәдени, дипломатиялық және экономикалық интеграцияны дамытудың негізгі мәселелерін талқылап, ынтымақтастықты нығайту болды.
Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев өз сөзінде қатысушыларға Академия президенті, академик Шаһин Мұстафаевтың сәлемдемесін жеткізіп, түркі елдерінің «жұмсақ күшін» дамытудағы бірліктің маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық шарада, сонымен қатар, түркі әлемінің позициясын нығайтуда маңызды рөл атқаратын мәдениет, ғылым және туризм сияқты салаларда тәжірибе алмасу жолдары талқыланды. Түркі Академиясының ғылыми жобаларының, соның ішінде интеграциялық үдерістерді қабылдау мен түркі мемлекеттері халықтарының өзара танысу деңгейін зерттейтін «Түркі Барометрінің» маңыздылығына ерекше мән берілді.
Қатысушылар түркі халықтарының ортақ бірегейлігін қалыптастырудағы халықаралық қатынастардың, туризм мен мәдениеттің рөлі туралы пікір алмасты.